АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаны Ресеймен 15 мамыр күні Стамбұлда келіссөз өткізуге"дереу" келісуге шақырды.
"Ресей президенті Владимир Путин Украинамен атысты доғару туралы келісімге қол қоюға ұмтылып отырған жоқ – оның орнына бейсенбі күні Түркияда осы қанды қасапты тоқтатуға қатысты келіссөз өткізуді ұсынды. Украина ол кездесуге дереу келіскені жөн", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Трамптың жазбасынан Украина ұсынған және Еуропа одағының жетекші елдері қолдаған басты шарт – әуелі майдан шебінде 30 күнге атысты тоқтатуды талап етіп отырмағаны аңғарылады.
"Кем дегенде, қандай да бір мәмілеге келу мүмкін бе, соны айқындауға болады. Ал егер мүмкін болмаса – Еуропа елдерінің басшылары мен АҚШ жағдайды толық түсініп, тиісті әрекет жасай алады", – деді Трамп.
Бұған қоса ол "Украинаның Путинмен келіссөз жүргізе алатынына күмәндана бастағанын" айтқан. Оның сөзінше, Путин "Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс мерекесін тойлаумен аса әбігер болып отыр".
"Айтпақшы АҚШ қатыспағанда бұл соғыс ешқашан жеңіспен аяқталмас еді (тіпті маңайламайды да!)" деп жазған Трамп.
Украина президенті Владимир Зеленский Трамптың жазбасынан кейін Telegram-парағына Украина "дипломатия үшін қажетті жағдай жасау" үшін ертеңнен бастап "атыс толық әрі ұзақ мерзімге тоқтайды" деп күтетінін айтты.
Бұған қоса ол Түркияда Ресей президенті Владимир Путинмен бетпе-бет жеке келіссөз өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
"Бейсенбіде Путинді жеке кездесу үшін Түркияда күтемін. Бұл жолы ресейліктер келмеуге сылтау іздемес деп үміттенемін", – деді Зеленский. Ол Трамптың мәлімдемесіне байланысты тікелей түсініктеме берген жоқ.
Кейінірек Зеленский бейнеүндеу жариялап, бейсенбіде Түркияда болатынын және сол жерде Путинмен жүздесем деп үміттенетінін растады. Зеленский Түркияда нақты қай жерде болатынын айтқан жоқ – ал Путин өз ұсынысында нақты Стамбұлда деп айтқан. Зеленскийдің сөзіне қарағанда, Ресей атысты тоқтатпаса да ол Түркияға баруға ниетті сияқты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Киевке тіке келіссөзді жалғастыруды ұсынды. Атысты бір айға тоқтату үндеуіне жауап бермедіУкраинаға Стамбұлда келіссөз өткізуге ұсыныс жасаған Ресей президенті Владимир Путин оған өзі қатысатыны жөнінде ештеңе айтпаған.
Ресей мен Еуроодақ өкілдері Трамп пен Зеленскийдің кейінгі мәлімдемелеріне байланысты әзірге реакция білдірген жоқ.
Бұған дейін жексенбі күні Трамптың Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог алдымен атысты тоқтатып, содан кейін келіссөз басталу керек екенін және "басқа жол жоқ" екенін жазған.
Жексенбі күні Ресей мен Түркия президенттері телефонмен сөйлескені туралы хабар тараған. TRT Haber мәліметі бойынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкараның диалог үшін алаң ұсынуға әзір екенін растаған және "бейбітшілікке қол жеткізу үшін мүмкіндік терезесі ашық" деп мәлімдеген. Түркия президенті сондай-ақ "жан-жақты атысты тоқтату келіссөздер үшін жағдай жасайды" деп атап өткен. Сонымен қатар, келіссөздер алдында Ердоған Франция президенті Эммануэль Макронмен телефонмен сөйлескен. "Соғысты тоқтатуға қарай тарихи бетбұрыс сәті туды – оны пайдалану керек. Түркия атысты тоқтатып, тұрақты бейбітшілік орнату үшін келіссөз ұйымдастыруды қоса алғанда кез келген үлес қосуға дайын", – деген Ердоған.
Ресей сыртқы істер министрлігі Ердоғанның Путиннің бастамасын толық қолдағанын хабарлады, бірақ атысты тоқтату туралы министрлік мәлімдемесінде ештеңе айтылмаған.